Мемлекет Басшысының қазақстандықтар үшін Pfizer вакцинасының қолжетімділігін қамтамасыз ету туралы тапсырмасын орындау мақсатында 2021 жылғы 10 қарашада Қазақстан COVID-19-ға қарсы Pfizer вакцинасының алғашқы партиясын алды. Қол қойылған келісім аясында Comirnaty Pfizer/BioNTech вакцинасының 4 млн. 230 мың дозасы сатып алынды.
Comirnaty – американдық Pfizer компаниясы мен Германияның BioNTech технологиялық компаниясы шығарған РНҚ-ға негізделген матрицалық вакцинаның (мРНҚ) сауда атауы. Вакцинация курсы 21-28 күн аралығымен енгізілетін екі дозадан тұрады.
Жеткізілген дозалар ҚР халқын жаппай вакцинациялауды аяқтауға мүмкіндік береді. Бұл Қазақстанда тіркелген алтыншы вакцина.
Бірыңғай дистрибьютор келіп түскен вакцинаны ҚР ДСМ СЭБК-нің жөнелтуге рұқсат қағазына сәйкес жедел тәртіппен еліміздің өңірлеріне жіберетін болады. Алдағы күндері Қазақстан Республикасының азаматтарына коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялау үшін қол жетімді болады.
Вакцинаны сақтау нұсқаулығын нақты ұстану және жағымсыз салдардың алдын алу үшін вакцинаны жеткізуге және қолдануға дайындық шаралары жүргізілді. Елдің Бас санитарлық дәрігері Comirnaty Pfizer/BioNTech вакцинасымен халықты коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялау бойынша әдістемелік ұсынымдарды бекітті.
Comirnaty Pfizer/BioNTech препаратымен вакцинация жүргізетін барлық медициналық ұйымдар дайын болды. Pfizer тиімді тасымалдау, сақтау және температураны бақылау үшін егжей-тегжейлі логистикалық жоспарлар мен құралдарды жасады.
Салқындату тізбекті сақтай отырып, вакцинаны сақтау және тасымалдау туралы нақты нұсқаулар бар. Өндіруші ұсынған салқындату тізбекке қойылатын талаптарға сәйкес ультра төмен температура -60 -90 Со режимінде сақтауға арналған мұздатқыш жабдықтар сатып алынды. Сондай-ақ, вакцинаны енгізу және сұйылту үшін қажетті шприцтер қоры сатып алынды.
Pfizer Компаниясы вакцинация жасауға қатысатын қызметкерлерді вакцинамен дұрыс, қауіпсіз және тиімді жұмыс істеуге және оны қолдануға үйретті.
Pfizer фармацевтикалық компаниясының Қазақстандағы өкілдігі Comirnaty Pfizer/BioNTech вакцинасы туралы қазақ және орыс тілдеріндегі мамандандырылған сайт-нұсқаулық жасады. Сайтта вакцина, оны қолдану және сақтау әдістері, клиникалық зерттеулердің нәтижелері туралы барлық ақпарат бар.
Қазақстанға дейінгі вакцина логистикасының операторы COMIRNATY Pfizer/BioNTech вакцинасын әлем бойынша тасымалдауға маманданған UPS халықаралық логистикалық компаниясы болып табылады.
Comirnaty Pfizer/Biotech вакцинасы ДДСҰ-ға шұғыл қолдануға рұқсат етілген, вакцина АҚШ, Ұлыбритания, Канада және ЕО-да қолданылады. Клиникалық зерттеулердің нәтижелері бойынша оның тиімділігі 95 пайызды құрайды. Бұл АҚШ-та төтенше жағдайларды пайдалануға рұқсат беру (Emergency Use Authorization, EUA) аясында қолданыла бастаған алғашқы вакцина.
Қазақстан аумағында халықты вакцинациялау үшін мынадай вакциналар қолданылғандығын естеріңізге сала кетейік: «QazVac», «Спутник V», «Hayat-Vax», «СоronaVac», «Sinopharm».