16 ақпан - Бірыңғай дистрибьютор пәкістандық фармацевтикалық компаниялармен және отандық тауар өндірушілермен дөңгелек үстел өткізіп, онда фармацевтика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту жоспарлары талқыланды. Іс-шараны Денсаулық сақтау министрлігі мен ҚР Пәкістандағы Елшілігінің қолдауымен Бірыңғай дистрибьютор ұйымдастырды.
Дөңгелек үстелді Қазақстанның Пәкістан Ислам Республикасындағы елшісі Кистафин Ержан ашты. Пәкістанның Қазақстандағы елшісі Саджад Сихар, Пәкістан Ислам Республикасының сенаторы Зарка Таймур және Пәкістан фармацевтикалық өндірушілер қауымдастығының вице-төрағасы Атиф Икбаль сөз сөйледі.
Дөңгелек үстелге Пәкістанның ірі компаниялары - SAMI Pharmaceuticals, Martin Dow, MEDICURE, MEDICURE, CCL Pharmaceutical, Uniferoz Pvt ltd, Hiranis Pharmaceuticals, Herbion Pakistan Pvt, Sente Pharmaceuticals, OPHTH Pharmaceuticals, PharmEvo, сондай-ақ Қазақстан Республикасының отандық өндірушілерінің өкілдері қатысты.
Қатысушылар Қазақстанда қолданыстағы орталықтандырылған сатып алу жүйесі және дәрілік қамтамасыз ету жүйесіндегі Бірыңғай дистрибьютордың рөлі туралы хабардар болды.
Дәрілердің қолжетімділігі медициналық көмектің қолжетімділігінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылатыны атап өтілді. Пандемия және қазіргі әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс жағдайында бұл құрал мемлекеттің дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудегі экономикалық және әлеуметтік рөлі үшін ерекше маңызға ие.
Бірыңғай дистрибуция жүйесі дәрі-дәрмектер тапшылығының алдын алуға, оларды өңірлерде туындайтын қажеттіліктерге сәйкес жоспарлауға және таратуға, сондай-ақ пациенттердің көпшілігін қамти отырып, бағаларды теңестіруге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, "Қазақстанның ФармМедИндустриясы "Қазақстанның фармацевтикалық және медициналық өнімдерін өндірушілер қауымдастығы" ЗТБ атқарушы директоры Манақпаева Гүлдария сөз сөйледі. Отандық өндірушілер үшін преференциялар туралы ақпарат ұсынылды.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық фармацевтикалық корпорациялармен ынтымақтастықтың, инвесторлар тартудың, технологиялар трансферті мен жаңа әзірлемелерді қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты, Бірыңғай дистрибьютор Жапония, Үндістан, Италия, Корея Республикасы, Астана дипломатиялық клубы, халықаралық фармацевтикалық өндірушілер қауымдастықтары, ресейлік фармацевтикалық өндірушілер қауымдастығы және швейцариялық фармацевтикалық компаниялармен осындай дөңгелек үстелдер сериясын өткізді.
Отандық фармацевтикалық нарық бүгінде дамушы нарықтарда жаңа мүмкіндіктер іздейтін халықаралық инвесторлар арасында үлкен қызығушылық тудырады. Мамандардың бағалауы бойынша, Қазақстанда фармацевтика саласындағы қуаттарды екі есеге арттыру әлеуеті бар. 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан тікелей шетелдік инвестициялар өсімі бойынша көш бастап тұр. Мұндай деректер БҰҰ-ның сауда және даму жөніндегі Конференциясының (ЮНКТАД) "Инвестициялар жөніндегі дүниежүзілік баяндамасында" қамтылған.
Кездесу қорытындысы бойынша Тараптар covid-19 пандемиясы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін реформалау және жүйені жетілдіру жолдарын іздестіру процесінде қосымша ынталандыру болып табылатынын атап өтті. Жаңа сын-қатерлер нақты және іргелі өзгерістердің мүмкіндігі ретінде қарастырылуы тиіс.
Анықтама:
Пәкістан Қазақстанның сыртқы саудадағы перспективалық бағыттарының бірі, сондай-ақ Азия кеңістігіндегі маңызды стратегиялық әріптесі болып табылады. 2021 жылдың 9 айында Қазақстан мен Пәкістан арасындағы екіжақты тауар айналымының көлемі 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (34,5 миллион доллар) 39,4 пайызға өсіп, 48,2 миллион долларды құрады.