2022 жылғы 29 маусымда Оңтүстік Кореяға жұмыс сапары барысында Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында медициналық-фармацевтикалық кластерлерді құру және әзірлеу аясындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелді ҚР Бірінші Вице-Премьері Р.Скляр мен ҚР Денсаулық сақтау министрі А.Ғинияттың тапсырмасы бойынша Оңтүстік Кореяның денсаулық сақтау индустриясын дамыту институты – Korean Health Industry Development Institute (KHIDI) және Кореядағы Қазақстан Елшілігінің қолдауымен оңтүстіккореялық медициналық-фармацевтикалық кластерлері мен медициналық техника өндірісінің жобаларын пысықтау және олардың жұмысын зерделеу үшін «СҚ-Фармация» Бірыңғай дистрибьюторы ұйымдастырды.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылғы тамызда Қазақстан Президентінің Кореяға Мемлекеттік сапары өтті, бұл өз кезегінде екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі кеңейтуде негіз болды.
Мемлекет басшысы жаһандық фармацевтикалық корпорациялармен ынтымақтастықтың, инвесторлар тартудың, технологиялар трансферті мен жаңа әзірлемелерді қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
Бірыңғай дистрибьютор Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы медициналық-фармацевтикалық ынтымақтастықты дамытуда белсенді позияциясын ұстанады. Осылайша, фармацевтикалық және медициналық өнімдердің отандық өндірісін дамытуды қолдауды жүзеге асыру үшін өткізілетін іс-шаралар аясында Бірыңғай дистрибьютор қаптамадан бастап өндірістің толық циклына дейін ірі брендтер еліне кіру үшін алаңды қамтамасыз ету бастамасын көтереді.
Қазақстандық делегация құрамына Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының, Оңтүстік Қазақстанның фармацевтикалық кластерінің, «СҚ-Фармация» ЖШС-нің, «Ordamed» АҚ-ның, «Dolce-Pharm» брендімен «Dolce» компаниялар тобының өкілдері кірді. Оңтүстік Корея тарапынан дөңгелек үстелге 65-тен астам компания қатысты.
Жұмыс сапары аясында қазақстандық делегация ірі кореялық фармацевтикалық кластерлер – Сонгдо және Вонджу техноалқабында, сондай-ақ медициналық өнімдерді өндіру жөніндегі зауыттарға барады деп жоспарланып отыр, онда кәсіпорындардың нақты өндірістік-техникалық мүмкіндіктері көрсетілмек.
Сонымен қатар, KHIDI бас кеңсесі және Сеул Bundang Hospital ұлттық университетінің менеджментімен кездесу өтеді.
Корея – Қазақстанның Шығыс Азиядағы стратегиялық әріптестерінің бірі. «Таңғы балғындық елі» Азиядағы сауда серіктестеріміздің арасында қазірдің өзінде екінші орында. Сонымен қатар, Корея еліміздегі ең ірі ТОП-10 инвесторлар қатарына кіреді. Соңғы 15 жылда Корея Қазақстан экономикасына $6 миллиардтан астам инвестиция салды.
Оңтүстік Кореяның фармацевтикалық нарығы соңғы жылдардағы ең қарқынды дамып келе жатқан нарықтардың бірі болып табылады. Оңтүстік Корея ғылымның перспективалы бағыттары саласындағы инновациялық даму, биосимилярлар өндірісін оқшаулау, Мемлекеттік, сондай-ақ жеке капиталды тарту жолымен жүріп, елге үздік халықаралық мамандарды жұмылдырды.
Дөңгелек үстелді Кореяның KHIDI шетелдік жобалар бөлімінің директоры Синг-Ук Хонг ашып, барлық қатысушыларды таныстырды. Сондай-ақ, кездесуде KHIDI Президенті Soonman Kwon, Кореяның Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігінің Жаһандық денсаулық сақтау дивизиясының басшысы Byon Luna, Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бақыт Дүйсенбаев құттықтау сөз сөйледі.
Бірыңғай дистрибьютордың өкілдері дөңгелек үстелге қатысушыларға «Қазақстан Республикасының Бірыңғай дистрибьюторы» дәрі-дәрмектерді бірыңғай дистрибьюциялаудың қолданыстағы жүйесін, сондай-ақ «Бірыңғай дистрибьютор деңгейінде медициналық техниканы сатып алуды орталықтандыру» медициналық жабдығын сатып алу тұжырымдамасын таныстырды.
Оңтүстік Кореядағы «Kazakh Invest «ҰК» АҚ өкілі Айгүл Нұралина фармацевтика, сондай-ақ медициналық техника бойынша екі тұсаукесер өткізді, медицина жөніндегі Вице-президент – Назарбаев Университеті Медицина мектебінің деканы Массимо Пиньятелли «Назарбаев Университетіндегі медицина туралы» егжей-тегжейлі айтып берді, «Ordamed» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі Еркін Ділімбетов «Оrdamed-жоғары сапалы сауда маркасы» тақырыбында презентация жасады.
«Dolce-Pharm» брендімен «Dolce» компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Елена Ли «Dolce-Developer фармацевтикалық кластері» тақырыбында презентация өткізді және Оңтүстік Қазақстан фармацевтикалық кластерінің Президенті Бекайдар Нұрмашев «Оңтүстік Қазақстанның фармацевтикалық кластерімен ынтымақтастық перспективалары туралы» презентациясын көрсетті.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша JW Pharmaceutical және «Ordamed» АҚ, Samsung Medison және «Ordamed» АҚ, GENORAY және «Ordamed» АҚ, «DOLCE» ЖШС және MEDICAL PARTNERS KOREA LTD, «Ақтөберентген» АҚ және DRTECH арасында Қазақстан аумағында өндірістік алаңдарды орналастыру туралы 5 Меморандумға қол қойылды.
Барлық қатысушылар бұл сапар өндірісті оқшаулау саласындағы қазіргі мүмкіндіктерге егжей-тегжейлі талдау жүргізуге, достас елдер – Корея Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы интеграциялық өзара іс-қимылды жандандыруды қоса алғанда, оларды жедел іске асыру жолдарын белгілеуге мүмкіндік беретініне сенімді.
Тараптар тікелей диалог екі тарап үшін де пайдалы, ынтымақтастық көкжиегін кеңейтуге қызмет ететінін және медицина мен фармацевтика саласындағы инвестициялық серіктестіктің дамуына серпін беретінін атап өтті. Медициналық-фармацевтикалық кластерлерді құру бойынша тәжірибе алмасу аясында ынтымақтастықты дамыту Денсаулық сақтау жүйесі үшін де, бизнес үшін де кең перспективалар ашады.
Анықтамалық:
KHIDI – Корея Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігіне бағынатын мемлекеттік мекеме. KHIDI институты 1999 жылы корей медициналық саласының әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында кәсіби және жүйелі қолдауды қамтамасыз ету үшін құрылды.
KHIDI мақсаты – жоғары сапалы және заманауи медициналық қызметтерді ұсынатын мекемелер мен компанияларды корей экономикасының өсуінің қозғаушы күшіне айналдыруға ықпал ету. KHIDI кореялық медициналық қызметтердің, фармацевтикалық өнімдердің, медициналық жабдықтардың және косметикалық өнімдердің күшті жақтарын біріктіре отырып, әлемдік аренада «Корей толқынын» құруға тырысады.