2022 жылғы 8 маусым – медицина қызметкерлері күні қарсаңында Бірыңғай дистрибьютор Алматы қаласындағы III Kazakhstan Healthcare Forum-на қатысты.
Бұл іс-шара 2018 жылдан бастап Kazakhstan Growth Forum (KGF) корпоративтік қорының қолдауымен өткізіліп келеді және өз алаңында жетекші мемлекеттік және жеке медициналық мекемелердің басшылары, фармацевтикалық компаниялардың өкілдері, технологиялық сектордың сарапшылары және мемлекеттік органдардың өкілдері кіретін офлайн режимінде 200-ден астам қонақты жинайды.
KGF – Қазақстандағы денсаулық сақтау саласындағы сындарлы және ашық диалог алаңы болғандықтан, бүгін қазақстандық медицинаның алдында тұрған жаһандық трендтер мен сын-қатерлер, экономикалық, геосаяси дағдарыстардың отандық медицинаның дамуына әсері, сондай-ақ үздік әлемдік практика талқыланды.
Іс-шара барысында биотехнология, фармацевтика, цифрландыру, медицинадағы халықаралық тәжірибе тақырыптары да қозғалды.
Форум аясында Kazakhstan Growth Forum корпоративтік қорының The Best Medical Officer 2022 номинациясында марапаттау рәсімі өтіп, «Керуен-Medicus» медициналық клиникасы (Алматы қ.), «Нұр-Авиценум» медициналық орталығы (Талдықорған қ.) және «Дау-Мед» медициналық клиникасы (Шымкент қ.) марапатталды.
Биылғы жылы форум елімізде отандық денсаулық сақтаудың өзекті мәселелерін 4 стратегиялық бағытта талқылауға мүмкіндік беретін орынға айналды.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында еңбек өнімділігін арттыру, инновацияларды дамыту, жасанды интеллектті енгізу жаһандық прогрестің негізгі факторларына айналғанын атап өтті.
Медицина саласындағы инновациялар аурулардың алдын-алудың, диагностикалаудың және бақылаудың жаңа әдістерін, сондай-ақ әртүрлі ауруларды бақылауға және емдеуге арналған жаңа препараттар мен әдістер ұсынбақ. Сонымен бірге, медициналық инновациялар – бұл өзгеріп жатқан қажеттіліктер мен үміттерді тиімді қанағаттандыру үшін қазіргі уақытта қолданылатын технологиялық және бизнес-модельдердің білім базасын кеңейту және қайта құру.
Осылайша, форумда Чапел-Хиллдегі Солтүстік Каролина университетінің, Лондон гигиена және тропикалық медицина мектебінің профессоры доктор Джозеф Такер Денсаулық сақтау жүйесіндегі әлеуметтік инновациялар туралы мәселелерге тоқталып өтті.
Дұрыс тамақтану және денсаулықты басқару технологиясы туралы Американдық денсаулық сақтау қауымдастығының мүшесі, «Профилактикалық медицина академиясы» ҚҰ президенті Алмаз Шарман баяндама жасады. Сондай-ақ, салық және заң қызметтері департаментінің аға заңгері Наргиз Сүлейменованың «Қазақстандағы дәрілік заттардың бағасын реттеудің негізгі аспектілері» тақырыбындағы баяндамасы тыңдалды.
Форум барысында пікірталас кездесуінде «СҚ-Фармация» ЖШС Басқарма Төрағасы Ерхат Искалиев еліміздің фармацевтикалық саласын дамыту туралы баяндама жасап, бүгінгі таңда отандық фармацевтикалық өндірісті дамыту Мемлекет басшысының сала алдына қойған басым міндеттерінің бірі болып табылатынын атап өтті. «Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, отандық фармацевтикалық брендтерді танымал ету мақсатында «Farm made in KZ» жобасын іске қосуды жоспарлап отырғандығымызды айтқым келеді», - деп толықтырды Е.Искалиев.
Форумда сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы кадр мәселелеріне де баса назар аударылып, талқылау барысында негізгі проблемалар мен оларды шешудің ықтимал жолдары айтылды.
Тараптар кадрлық ресурстар Денсаулық сақтау жүйелері жұмысының тиімділігін, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін анықтайтынын атап өтті. Елдің денсаулық сақтау жүйесіндегі жоғары білікті кадрлар саланы тиімді, қолжетімді етеді және медициналық көмектің сапасын арттыратыны сөзсіз.
Форум қорытындысы бойынша қатысушылар аталған іс-шара сындарлы және ашық диалог үшін бірегей алаң болғанына және қойылған міндеттерді іске асыру перспективасында маңызды рөл атқаратынына, сондай-ақ отандық медицинаның одан әрі дамуына ықпал ететініне сенім білдірді.