Сіздердің назарларыңызға «СҚ-Фармация» ЖШС Бірыңғай дистрибьюторының «Ұлт денсаулығы» ұлттық жобасы шеңберіндегі талдамалық шолулар сериясынан жарияланымын ұсынамыз
Азаматтардың денсаулығын жақсартуға, ауыр аурулармен күресуге және өмір сүру ұзақтығын арттыруға бағытталған Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік басымдықтарды тиімді дәрілік терапияға деген кең және кедергісіз қол жеткізуді қамтамасыз ету қажеттілігінсіз қарастыруға болмайды.
Бүгінгі таңда елдегі денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру жағдайында дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесі бұрынғыдан да өзекті болып тұр. Жалпы емдеу-диагностикалық процесінің сапасы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің тиімділік деңгейіне тікелей байланысты болады. Сондықтан қажеттілікті жоспарлау жүйесін ұйымдастыру мәселесі ерекше назарды талап етеді. Медикаменттер сұрыптамасын ұтымды басқару, жеткізілімдердің біркелкі болмауын реттеуді қамтамасыз етуге және пациенттердің барынша көп санын қамтуға ықпал етеді.
Қазақстанда және бүкіл әлемде дәрілік заттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әртүрлі механизмдер қолданылады: ұзақ мерзімді келісімшарттар, өндірушілермен тікелей келісімшарттар және т.б. Алайда, аталған саладағы жалпы әлемдік тәжірибе бірқатар қиындықтармен түйіндеседі. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесі - өндірушілерден пациенттерге дейінгі кешендік өзара байланысты процестердің жиынтығы.
Қазақстанда дәрілік заттарға қажеттілікті жоспарлау
Қазақстанның денсаулық сақтау ұйымдарында медикаменттерді пайдалану дәрілік заттардың айналымы саласындағы қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады және пациенттердің қажеттіліктеріне сәйкес ұйымдастырылған.
Қазақстанда 2009 жылдан бастап ТМККК және МӘМС жүйесінде қызмет көрсететін денсаулық сақтау ұйымдары үшін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды бірыңғай дистрибьюциялау жүйесі жұмыс істейді.
Сатып алу медициналық ұйымдардың (стационарлық көмек шеңберінде) Бірыңғай дистрибьюторға ұсынған өтінімдерінің және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) атына ұсынылған өтінімдердің негізінде: дәрілік заттардың сипаттамалары, халықаралық патенттелмеген атауы және олардың шекті бағалары қамтылатын, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган әзірлейтін және бекітетін құжаттың негізінде бірыңғай дистрибьютордан сатып алынатын ДЗ мен МБ тізбесі (бірыңғай дистрибьютордың тізімі) бойынша амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету (АДҚ) шеңберінде жүзеге асырылады.
Бірыңғай дистрибьюция жүйесі арқылы сатып алуға арналған медпрепараттардың тізімін денсаулық сақтау ұйымдарынан жиналған өтінімдердің негізінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қалыптастырады. Медициналық ұйымдар дәрілік заттардың атаулары бойынша, сондай-ақ олардың көлемдері бойынша өз қажеттіліктерін өздері айқындайды. Осы өтінімдерге сәйкес Бірыңғай дистрибьютор сатып алуды жүзеге асырады.
Жоспарлау рәсімімен байланысты тәуекелдер әр кезеңде құзыреттер мен жүктелген міндеттерге сәйкес, тізбекке қатысатын ұйымдар арасында бөлінеді.
Медициналық ұйымдар бірыңғай дистрибьюторға бірыңғай дистрибьютордың ақпараттық жүйесінде - БФАЖқалыптастырылған өтінімдерді ұсынады.
АДҚ шеңберінде сатып алу, ҚР ДСМ 2017 жылғы 29 тамыздағы № 666 бұйрығымен бекітілген, белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар азаматтарды қамтамасыз етуге арналған ДЗ мен МБ тізбесіне кіретін Бірыңғай дистрибьютордың тізімі бойынша жүргізіледі.
МӘМС қоры № 375 қағидалардың талаптарына сәйкес, белгілі бір аурулары бар диспансерлік есепте тұрған азаматтардың жекелеген санаттарының, соның ішінде белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар азаматтардың қатарынан бекітілген халықты амбулаториялық дәрілік қамтамасыз етуге арналған, бөлінген қаражат шеңберінде өңірлердің ДЗ мен МБ-ге қажеттілікті есептеулерін Бірыңғай дистрибьюторға жолдайды. МӘМС қорынан қажеттілік есептеулері өтінім мәртебесіне ие және сатып алу рәсімдерін өткізу үшін негіз болып табылады
ДЗ мен МБ-ны жөнелтуді шарттар бойынша жеткізу кестелеріне сәйкес Бірыңғай дистрибьютор жүзеге асырады. Бұл ретте FEFO әдісі қолданылады. Дәрілік заттардың әдісі бойынша қойма жүйесін құру сақтау шарттарына байланысты жөнелтіледі. Аталған әдісті пайдалану сақтау мерзімдерінің өтуі нәтижесінде өнімнің ысыраптарын азайтуға мүмкіндік береді.
Халыққа ДЗ мен МБ-ны босатуды медициналық ұйымдар ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 30.09.2015ж. №766 бұйрығымен бекітілген Азамматарды дәрілік заттармен қамтамасыз ету қағидаларына сәйкес ҚР ДСМ-нің дәрілік қамтамасыз етудің ақпараттық жүйесінде (ДҚАЖ) жүзеге асырады.
Бірыңғай дистрибьютор дәрі-дәрмекпен Қазақстанның барлық медициналық ұйымдарын, алшақтығына және қашықтығына қарамастан қамтамасыз етеді. Бірыңғай дистрибьюцияның қолданыстағы жүйесі логистиканы орталықтандыру есебінен әкімшілік-аумақтық тиесілігіне қарамастан медпрепараттардың халыққа тең және әділ қолжетімділігін қамтамасыз етеді (бағаны теңестіру әсері). Бірыңғай дистрибьютор дәрі-дәрмектерді жеткізуге арналған шарттарды алдын ала жасасады және келесі жылға арналған препараттар ағымдағы жылы сатып алынады. Осылайша, елді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету алдын ала жүзеге асырылады.
Алайда, кез келген басқа саладағыдай, субстанцияның жаһандық тапшылығына, өндірушілерде өндірістік желілердің жабылуына, шекаралардың жабылуына, авиақатынастардың тоқтатылуына, карантиндік шараларға байланысты жеткізілімде кідірістер орын алады.
Сонымен қатар, медициналық ұйымдардың жоспарлаудағы дәлсіздіктері маңызды рөл атқарады, олар келесі жылға тапсырыс қалыптастырылатын кезде денсаулық сақтау ұйымдары күтпеген жағдайларды алдын ала болжай алмауынан туындайды. Өзгерген жағдайларға жедел ден қою үшін және елдің дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуіндегі кідірістерді ескеріп, Бірыңғай дистрибьюторда өз қаражаты есебінен дәрілік заттардың төмендемейтін стратегиялық қоры көзделген.
Дәрі-дәрмектерді жөнелту төрт өңірлік қоймалардан жүзеге асырылады, көптеген ауруханалардың алшақтығын ескергенде – бұл, медикаменттерді тасымалдау уақытын едәуір үнемдеуге, ал қажет болған жағдайда – кез келген кенеттен туындаған қажеттілікке дереу жауап беруге мүмкіндік беретін қажетті шара болып табылады.
Орталықтандырылған сатып алудың арқасында сатып алу бағаларын төмендету арқылы бюджет қаражаты үнемделеді. Бұған сатып алынатын дәрі-дәрмектердің үлкен көлемдерінің арқасында қол жеткізілді. Бұл ретте, Бірыңғай дистрибьютор препараттарды тек өндірушілерден немесе олардың тікелей өкілдерінен сатып алады, сатып алу тізбегінде делдалдар мен алыпсатарлар болмайды. Мемлекеттің ауруханалар мен емханаларға дәрі-дәрмекке бөлген қаражаты сатып алу бағасының төмендеуіне байланысты үнемделеді және медициналық ұйымдар қалыптасқан үнемдеуге қажетті препараттарға қосымша тапсырыс береді. Бірыңғай дистрибьютордың он жылдық жұмысын кезеңінде орталықтандырылған сатып алу есебінен үнемделген қаражат сомасы 162,9 млрд. теңгені құрады.
Дәрілік заттарға қажеттілікті жоспарлаудың халықаралық тәжірибесін талдау
Еуропалық одақта COVID-19 пандемиясы тәрізді жаһандық төтенше жағдайларды ескере отырып, стационар үшін дәрі-дәрмектерді жоспарлаудың жаңа үлгісі әзірленді. Әдістемеге көлемді дұрыс реттеу, сатып алу шығындарын оңтайландыру және логистиканы жоспарлау үшін қажетті медикаменттерге қажеттілікті болжау бойынша жалпыланған және соңғы тәжірибелер енгізілген.
Сұраныс болжамдары дәрі-дәрмектер өндірісін жоспарлау үшін қажет алты айлық кезеңді қамтуға есептелінген. Бұл ретте клиникалық практикадағы айырмашылықтар және әр елдегі препараттардың қолжетімділігі ескеріледі. Осылайша, жаңа үлгі:
• проблемалар мониторингін нүктелік жүргізуге;
• жеткізілімдердегі іркілістерді алдын ала анықтауға;
• жеткізулермен байланысты проблемаларды үйлесімді түрде шешуге мүмкіндік береді.
Жаңа Зеландияда денсаулық сақтау ұйымдарының барлық қызметкерлеріне қолданылатын, ауруханаларда дәрі-дәрмектерді пайдалану саясаты бар. Құжатта денсаулық сақтау ұйымындағы ДЗ-ның қозғалысы туралы қағидалар, медикаменттерді сақтау қағидалары, ДЗ-ны сатып алу, сондай-ақ денсаулық сақтау ұйымының формулярына жаңа медикаменттерді енгізу қамтылады. Жаңа Зеландияда жеңілдікпен берілетін дәрі-дәрмектердің тізімін Фармацевтикалық нарықты басқару агенттігі жасайды, агенттік қызметі медикаменттердің бағаларын және медикаменттерге жұмсалатын шығыстардың өсімін ұстап тұруға бағытталған.
Сингапурда сондай-ақ дәрі-дәрмектерді сатып алу мемлекеттік деңгейде нығайтылады. Дәрі-дәрмек бағаларының қолжетімділігін сақтау мақсатында. Елдегі фармацевтика өнеркәсібі халық денсаулығының сапасын жақсарту мәселелерін шешу мақсатында құрылған биотехнологиялық және медициналық кластердің бөлігі болып табылады.
Канадада дәрілік заттар мен медициналық технологиялардың клиникалық және экономикалық тиімділігін бағалау бөлігінде бақылауды мемлекеттік орган жүзеге асырады. Жаңа дәрілік заттарға шолу жасау және клиникалық тиімділігі мен экономикалық орындылығын талдауды ескере отырып, олар бойынша ұсынымдар дайындау, қабылданған бірыңғай әдістемеге сәйкес жүзеге асырылады.
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін мемлекет қаржыландыратын өңірлік жоспарлардың формулярына ДЗ-ны енгізудің жалпы негіздемесі келтірілген. Бұл тәсіл мемлекеттік жоспарға және ресурстарды тиісінше бөлуге сәйкес жеңілдікпен берілетін дәрі-дәрмектермен көбірек қамтуға ықпал етеді.
Рецепт бойынша босатылатын дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету мониторингі рецепт бойынша босатылатын дәрі-дәрмектер тізбесіне сәйкес әр өңірдің деңгейінде жүреді. Тізбеге азаматтардың жекелеген санаттарына (мысалы, қарттар мен басқа да жеңілдік санаттары) амбулаториялық деңгейде медициналық көмек көрсетуге арналған препараттар кіреді.
Стационарлық деңгейде дәрі-дәрмектер медициналық көмек көрсету шеңберінде тегін беріледі. Амбулаторлық деңгейде тағайындалған дәрілік заттардың құны толық немесе ішінара мемлекет қаражаты немесе жеке қаражат есебінен төленеді.
Канаданың өңірлік үкіметі жеңілдігі бар халық тобын қамту бойынша жоспарлар құрады. Бұл ретте, Федералды үкімет тұрғылықты халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеді. Сондықтан дәрі-дәрмектердің таратылуы қамту дәрежесі бойынша ерекшеленеді. Осы мәселені шешу үшін сарапшылар, дәрілік заттардың бірыңғай ұлттық жоспарын және формулярын, сондай-ақ фармацевтикалық баға белгілеуді реттейтін бірыңғай органды енгізуді ұсынады.
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің әлемдік тәжірибесін талдау көрсеткендей, бірқатар елдерде дәрілік затты мемлекет қаржыландыратын дәрі-дәрмектер тізбесіне енгізу үшін экономикалық негіздеме қажет болады. Өз медикаменттеріне өтемдік мәртебесін беруге ниетті өндірушілер, сондай-ақ оларды өтеуге арналған тізімге енгізілген дәрілік заттардың көрсеткіштерімен салыстыра отырып, тиімділік пен шығындар бойынша дәлелдемелер ұсынуы қажет.
Мысалы, Францияда препаратты тізбеге қоспас бұрын, олардың экономикалық орындылығы ғана емес, сонымен қатар мұндай енгізудің ықтимал экономикалық салдары да бағаланады. Азаматтардың жеңілдігі бар санаттары үшін дәрілік көмек қоғамдық қауіпсіздік ұйымдары немесе әлеуметтік сақтандыру ұйымдары есебінен қаржыландырылады - төлемдер тікелей дәріханаларға төленеді. Бүкіл процедура толық автоматтандырылған, SESAM-Vitale электронды базасы пациент пен сақтандыру қорлары туралы барлық деректерді қамтиды. Пациенттің карточкасы болады және оны дәріханаларда ДЗ берер алдында сканерлейді.
Англияда мемлекеттік денсаулық сақтау қызметінің рецептісі бойынша қамтамасыз етілетін, шамаман 1500 атау қамтылатын дәрілер тізбесі қолданылады.
Сонымен қатар, мемлекеттік медициналық мекемелерде жалпы тәжірибелік дәрігерлердің жазып беруіне тыйым салынған медикаменттердің «қара тізімі» бар. Сонымен қатар белгілі бір аурулары бар адамдардың жекелеген тобына арналған ДЗ тізбесі қолданылады.
Ұлттық клиникалық тәжірибені жетілдіру институты тиімділігі жоғары дәрілік заттарды ұсыну мақсатында, кейіннен оларды мемлекет есебінен қамтамасыз етілетін тізбеге енгізу үшін талдау жүргізді.
Австралияда барлық санаттағы азаматтар жеңілдікпен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. ДЗ бағасын үкімет реттейді. Жеңілдік тізбесіндегі барлық препараттар мемлекет есебінен қаржыландырылады. Дәрілік заттарды тізбеге енгізу үшін дәлелденген тиімділігі, сапасы мен экономикалық орындылығы туралы деректерді ұсыну қажет.
Халықаралық тәжірибені талдау сондай-ақ дәрілік заттарға қажеттілікті жоспарлау дәрі-дәрмектерді ұтымды тарату бойынша бірыңғай саясатты қажет ететінін көрсетті. Сонымен қатар, дәрілік заттардың қорларын басқару саясаты дәрілік заттарды пайдалану жөніндегі ұлттық саясаттың бөлігі болып табылады, бұл медициналық көмектің сапасын мемлекеттік деңгейде дамытуға және жетілдіруге ықпал етеді.
АҚШ-та дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қаржыландыру жүйесі елде – жеке Medicare және Medicaid сақтандыру қорларының, сондай-ақ сақтандыру компанияларының болуына негізделген. DRG үлгісі негізіндегі ауруханаларды қаржыландыру үлгісі жұмыс істейді.
DRG – бұл диагностикалық байланысқан топтарды емдеу құнын бағалауға негізделген денсаулық сақтау саласындағы баға белгілеу жүйесі. Әр топ (DRG) үшін оның құны есептелінеді. Аурухана әрбір DRG тобы шеңберінде медициналық қызмет көрсету үшін белгіленген соманы алады. Бұл жүйе ауруханаларды қаражатты тиімді жұмсауға ынталандыруға арналған. Осылайша, егер аурухана 1 пациентті емдеуге диагнозға сәйкес (DRG тобы) қажет болғаннан көп ақша жұмсаған болса, онда аурухана кірісін жоғалтады. Денсаулық сақтау жүйесіндегі тәуекелдерді барынша азайту үшін тағы бір бөлім бар - аудиторлар, олар пациенттердің шағымдары мен өтініштері негізінде ауруханаларда тексеру жүргізіп, жазалау шараларын қолдана алады. Ауруханалар жанындағы дәріханалар тіркелген ақы негізінде жұмыс істейді, себебі дәріханалар жұмысының құны (соның ішінде фармацевтикалық көрсетілетін қызметтер) DRG құнына қосылады. Мұндай жүйеде ауруханалық дәріханалар DRG топтарының құнын бағалау үшін деректерді жинауда маңызды рөл атқарады.
Қазіргі уақытта АҚШ-та дәріханалардың бірнеше түрлері бар, олардың негізгісі – бөлшек сауда желісінің дәріханалары, ауруханалық дәріханалар және жеке рецепт бойынша дәрі-дәрмек дайындауға маманданған дәріханалар. АҚШ-тағы дәріханалар drugstore - «дәріхана дүкені», «дәрі-дәрмек супермаркеті» тәрізді дәріхананың бір түрін білдіреді. Оларда өзіне-өзі қызмет көрсету кеңінен таралған, өнім 3 санатқа бөлінеді: рецепт бойынша дәрі-дәрмектер, парфюмерия мен косметика және соған байланысты өнімдер. АҚШ-тағы дәрі-дәрмек нарығының көлемі жыл сайын өсіп келеді және ақшалай түрде ресейлік нарықтан ондаған есеге асып түседі. Негізгі айырмашылығы - АҚШ-та сатылымның шамамен 75%-ы түпнұсқалы патенттелген препараттарды құрайды. Сондай-ақ интернет-дәріханалар да жұмыс істейді, олардың айналымы да жыл сайын артып келеді. Фармацевтердің шамамен 22%-ы ауруханалық дәріханаларда жұмыс істейді, ал қалған фармацевтер пошталық тапсырыс беретін компанияларда, онлайн-дәріханаларда, фармакологиялық препараттардың көтерме саудасымен айналысатын компанияларда және фармакологиямен байланысты мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейді.
Жоспарлау жүйесін жетілдіру
Алайда, отандық дәрілік қамтамасыз ету саласында осы күнге дейін бірқатар мәселелер шешілмеген. Олардың бірі - медициналық ұйымдардың дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға қажеттілікті тиімсіз жоспарлауы.
Бірыңғай дистрибьютор арқылы сатып алу шеңберінде дәрілік заттарды жоспарлаудың қолданыстағы үлгісінде жүйелі проблемалар байқалады. Кейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудегі іркілістердің себептері медициналық ұйымдардың дұрыс жоспарламауы, денсаулық сақтау басқармаларының, МӘМС қорының қатысуымен өтінімдерді жинау мен келісудің көп сатылы процесі болып табылады.
Осы орайда, Бірыңғай дистрибьютордың жұмысын қайта жүктеу шеңберінде жоспарлаудың жаңа үлгісі ұсынылды. Жаңа үлгінің мәні «Диспансерлік аурулардың электрондық тізілімі» (ДАЭТ) және «Медициналық ақпараттық жүйелер» (МАЖ) ақпараттық жүйелерінің мәліметтеріне негізделген автоматты режимде қажеттілікті қалыптастыруда болып табылады.
Бұл ретте, Бірыңғай дистрибьютор өз қоймаларына жеткізудің икемді кестесімен жылдық көлемді сатып алуға дайын (жылдық қажеттілік + төмендемейтін қордың 25%), бұл мыналарға мүмкіндік береді:
Ø Бизнес процестерді оңтайландыру;
Ø Медициналық ұйымдарға үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету;
Ø Жеткізулер тізбегін басқару;
Ø Тауарлық үзілу мәселесін шешу
Бірыңғай дистрибьютордың пациенттерге бағдарланған жоспарлау мақсаттық бағыты маңызды болып табылады.
ДЗ мен МБ-ны жоспарлаудың жаңа үлгісі PDCA (PLAN DO CHECK ACT) тұжырымдамасына сәйкес келеді.
1-кезең (PLAN) Тұрақтандыру қорларының мониторингі, тұтынуды талдау және қажеттілікті жоспарлау болып табылады,
2-кезең (DO) Негізгі көлемді және төмендемейтін қорды сатып алу, ДЗ мен МБ логистикасы,
3-кезең (CHECK) Медициналық ұйымдардың ағымдағы тұтынуына мониторинг жүргізу,
4-кезең (ACT) Қосымша көлемді сатып алу және тарату.
Жоспарлаудың жаңа үлгісін іске асыру үшін келесі құралдар көзделген:
1. Пациенттерді емдеудің дербестендірілген схемаларына сәйкес ДАЭТ және МАЖ деректерінде тіркелген пациенттердің санын ескере отырып, қажеттілікті есептеу әдістемесін енгізу (пациенттің тұтыну тарихын қадағалау).
Қазіргі уақытта республикада пилоттық жоба жүзеге асырылуда, оның нәтижелері бойынша уәкілетті орган нормативтік құжатты бекітетін болады.
2. Бірыңғай дистрибьютордың қоймаларында сатып алынатын дәрілік заттардың жалпы санынан 25%-ға дейінгі төмендемейтін қорды қалыптастыру.
3. Есептеулер әдістемесіне сәйкес ДАЭТ/МАЖ арқылы қажеттілікті есептеуді автоматтандыру.
4. Медициналық ұйымдардың тұтынуын талдауды және СҚ-Фармация қоймаларындағы және елдің медициналық ұйымдарындағы қалдықтарға талдау жүргізу негізінде дәрі-дәрмектердің қосымша көлемін сатып алу.
5. Бірыңғай дистрибьютордың тізбесіне кірмейтін орфандық ДЗ-ны халықаралық ұйымдар (мысалы, ЮНИСЕФ) арқылы сатып алу тәртібін бекіту.
Ұсынылған шаралардың оң нәтижесі:
Ø Қажеттілікті есептеу үшін пациенттерді есепке алу кезінде қателікке жол бермеу;
Ø Сирек кездесетін ауруларды диагностикалауға немесе патогенетикалық емдеуге арналған орфандық препараттарды тіркеу кезіндегі оң нәтиже;
Ø Пациенттердің қозғалысына және орфандық ауруларын емдеуге арналған ДЗ-ны есепке алуда толық және тұрақты мониторинг жүргізу;
Ø Қаптамадан бастап толық өндірістік циклге дейін ірі дәрілік брендтердің елге кіру алаңын қамтамасыз ету.
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін және Қайта жүктеу бағдарламасын жетілдіру мақсатында Бірыңғай дистрибьютор ұсынған шаралар ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды және мамандандырылған емдік өнімдерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу қағидаларының жаңа редакциясына негіз болды. (2021 жылғы 4 маусымдағы №375 ҚРҮҚ ).
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің уақытылы және үздіксіз болуы бүкіл әлемдегі денсаулық сақтау жүйелері үшін маңызды мәселе болып табылады және COVID-19 пандемиясының тәжірибесінде кейбір дәрі-дәрмектерге сұраныстың айтарлықтай артуына әкелетін айрықша жағдайлар мәнмәтінінде ерекше алаңдаушылық туғызады. Бұл жерде медициналық ұйымдар деңгейінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды дұрыс жоспарлау мәселесі маңызды рөл атқарады.
Қазақстандық және халықаралық тәжірибені талдау нәтижесі көрсеткендей, қорларды ұқыпты басқару халықты дәрі-дәрмекпен тиімді және жедел қамтамасыз етудің негізі болып табылады. Жүйе дәрі-дәрмектердің жатып қалуын болдырмау үшін олардың қозғалысын бақылауға және үйлестіруге бағытталған, қаржылық, мөлшерлік есепке алу және олардың тұтынылуы бойынша есеп беру, бұл өз кезегінде дәрі -дәрмектер мен медициналық бұйымдарды әрі қарай жоспарлау мен сатып алу үшін қажет.
Бірыңғай дистрибьютордың негізгі міндеті дәрілік қамтамасыз ету жүйесі сұраныстың өзгеруіне тез және дәл жауап беретін, кез келген төтенше жағдайда икемді болатындай және бірінші кезекте азаматтардың қажеттіліктеріне бағытталған болатындай жұмысты ұйымдастыру болып табылады.
Жалпы алғанда, пандемия дәрі-дәрмек өндірісін реттеу секторын жаңа деңгейге шығара отырып, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласының қарқынды цифрлық дамуының катализаторына айналды. Бұдан бөлек, дәрілік заттарға сұраныстың жаһандық өсуі препараттың түпкілікті тұтынушыға өтуін бақылау процесін автоматтандыруды бастауға жеделдетті. Бүгінгі таңда дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінің цифрлық жүйеге толық көшу, пациентке бағдарланған денсаулық сақтау үлгісін қамтамасыз етудің бүгінгі күнгі қажеттілігі болып табылады.
Анықтама үшін:
ДЗ – дәрілік зат
МБ – медициналық бұйым
ТМККК – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі
МӘМС – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру
АДҚ –амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету
ӘМСҚ - әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры
ДҚАЖ – дәрілік қамтамасыз етудің ақпараттық жүйесі
МАЖ- медициналық ақпараттық жүйелер
ДАЭТ - диспансерлік аурулардың электрондық тізілімі
FEFO ( First Expire, First Out ) — жүктер айналымының логистикалық әдісі. Бұл әдісті пайдаланған кезде, жүктерді қоймада айналдыру кезінде, тауардың қалған сақтау мерзімі ескеріледі (Use By Date, UBD; Expiration date). Жарамдылық мерзімі аз қалған тауарлар бірінші кезекте жөнелтіледі.
Дереккөздер тізімі:
ДДҰ-ның еуропалық өңірлік бюросы. Денсаулық баршаға Еуропалық деректер қоры (2000—2003).
Интернет-парақша: www. who. int/medicines. , , Шухов жүйесі: негізгі түсініктер // МРЖ. — 1999. — Т.7, №15. — С.3. Kutzin J. A descriptive framework for country — level analysis of health care financing arrangements // Helth Policy. — 2001. —: 171—203.
Mossialose and Fhomson S. Voluntary health insurance in the European Union, Report prepared for the Directorate General for Employment and Social Affairs of the European commission. — Brussels: European commission, 2002.
Murray C. J., Frenk J. A. Framework for assessing the performance of health systems // Bulletin of the World Health Organization. — 2000. —: 717—731.
Ginzberg E. Health care reform — why so slow? // N. Engle. Med. — 1990. — Vol. 332. — № 20. — P. 1464 —1466.
The patient in Focus — strategy for pharmaceutical sector reform in newly independent states — Copenhagen // WHO EURO. — 1998. — Р. 145. Essential Drugs. Action for equity.
WHO Action Programme on essential Drugs. — 1997. — 28 p.