Бүгін, 2022 жылғы 28 сәуірде Бірыңғай дистрибьютор базасында Нұр-Сұлтан қаласының медициналық-фармацевтикалық кластерін дамытуды талқылау бойынша Назарбаев Университетінің өкілдерімен жұмыс кездесуі өтті.
Кездесуге Назарбаев Университеті Медицина мектебінің медицина жөніндегі вице-президенті және деканы Массимо Пиньятелли, Бірыңғай дистрибьютордың Басқарма Төрағасы Ерхат Искалиев, стратегия басқармасының бастығы Айгүл Сыздықова және кеңесші Шыңғыс Сапарбеков қатысты.
Мемлекет басшысы отандық фармацевтика саласын дамытудың маңыздылығына ерекше тоқталып, 2025 жылға қарай еліміз өз фармацевтикалық өндірісінің үлесін 50%-ға дейін арттыруды көздеп отырғанын айтты. Бұдан басқа, медициналық жабдықтар мен шығыс материалдарының өндірісі белсенді дамитын болады. Президент отандық өндірушілермен жасалған оффтейк-келісімшарттардың көлемі мен номенклатурасын кеңейтуді тапсырды. Бұл салалар инвестициялар үшін ашық және мұндай жобалар мемлекет тарапынан қолдауға ие болады.
Осы тапсырманы іске асыру үшін Үкімет фармацевтика өнеркәсібін дамытудың 2025 жылға дейінгі Кешенді жоспарын бекітті. Қабылданған кешенді жоспардың негізгі бағыттарының бірі – фармацевтикалық ғылымды дамыту және әлемдік ойыншылардың қатысуымен жаңа өндірістер құру, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың отандық өндірісін дамыту болып табылады.
Осыған байланысты отандық ғылыми-зерттеу институттарын, ғылыми зертханаларды, ірі медициналық жоғары оқу орындарын, отандық өндірістік алаңдарды тарту, инвестициялық жобаларды қолдау институттарын, жергілікті атқарушы органдарды тарту, сондай-ақ R&D орталықтары типі бойынша еркін экономикалық және индустриялық аймақтарда кластерлерді өрістету арқылы фармацевтикалық кластерлер құру орынды болып табылады.
Бірыңғай дистрибьютор қымбат тұратын инновациялық өнімдер өндірісін дамыту, саланы технологиялар трансфері, оны цифрландыру бағытында ілгерілету бойынша ұсыныстар әзірледі. Атап айтқанда, медициналық-фармацевтикалық кластерлерді құру бастамасы және Нұр-Cұлтан, Ақтөбе және Шымкент қалаларында кластерлердің жоғарғы деңгейлік құрылымы әзірленді.
Фармацевтикалық және медициналық өнімдердің отандық өндірісін дамытуды қолдауды жүзеге асыру үшін өткізілетін іс-шаралар шеңберінде Бірыңғай дистрибьютор ірі брендтер еліне кіру үшін алаңды қамтамасыз ету бастамасын көтереді.
Ірі брендтермен қол жеткізілген уағдаластықтар аясында инвестициялық және гранттық жобалар іске асырылатын болады. Әлемдік брендтер зерттеу жобаларын жүргізу үшін және гранттар ретінде әдіснамалық қолдау, сондай-ақ қажетті зертханалық жабдықтармен материалдық-техникалық қамтамасыз ету арқылы диагностиканың жаңа әдістерін енгізу бойынша жәрдем көрсетуге дайын. Бұл, өз кезегінде, Қазақстанның зертханалық инфрақұрылымын нығайтуға және оның халықаралық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Осындай жобалардың бірі Швейцарияға үкіметтік сапары барысында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Roche компаниясымен қол қойған негіздемелік келісім шеңберінде Назарбаев Университеті Медицина мектебінің базасында in vitro диагностика оқу орталығын құру болды. Назарбаев Университеті Медицина мектебінің құрылған оқу орталығының алаңында Roche-ден басқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен мамандардың біліктілігін кешенді арттыру және оқыту үшін басқа да әлемдік вэндорлармен оқу-инновациялық бағдарламаларды іске қосу жоспарлануда.
Сондай-ақ, кездесу барысында медицина жөніндегі вице-президент және Назарбаев Университеті Медицина мектебінің деканы Массимо Пиньятелли университет базасында Виварий құру бастамасы туралы айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша Тараптар covid-19 пандемиясы жүйені реформалау және жетілдіру жолдарын іздестіру процесінде қосымша ынталандыру болып табылатынын және саланы дамытудың маңызды факторы кластерлік бастаманы дамыту болып табылатынын атап өтті. Бұл бағыттағы негізгі басымдық отандық ғылыми-зерттеу институттарын, ірі ғылыми зертханаларды, медициналық жоғары оқу орындарын, отандық өндірістік алаңдарды тарту, инвестициялық жобаларды қолдау институттарын, жергілікті атқарушы органдарды тарту, сондай-ақ еркін экономикалық және индустриялық аймақтарда медициналық кластерлерді өрістету болып табылады.
Ғылым, білім беру және жұмыс істеп тұрған фармацевтикалық өндіріс арасындағы тығыз өзара байланысты қалыптастыру және сақтау отандық ғылымның дамуына серпін беріп, Қазақстанның ғылыми мұрасын нығайтады. Жаңа сын-қатерлер нақты және іргелі өзгерістердің мүмкіндігі ретінде қарастырылуы тиіс.