2022 жылғы 3 маусымда Ақтөбе қаласына медициналық-фармацевтикалық кластер құруды пысықтау және өңірде R&D орталықтары типі бойынша медициналық жабдықтар өндірісін оқшаулау мәселелері бойынша жұмыс сапары өтті.
Жұмыс сапары барысында Бірыңғай дистрибьютор Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинмен өңірде медициналық-фармацевтикалық кластер құру туралы кездесу өткізіп, онда кластерлерді дамытуға арналған мемлекеттік қолдау құралдарымен таныстырды. Тараптар мемлекеттік органдар, ғылым және бизнес қойылған міндеттер бойынша бірлесіп жұмыс істеп, тандемде дамуы тиіс екенін атап өтті.
Сондай-ақ, жұмыс сапары аясында өндірістік алаңды тексеру, медициналық техниканың өндірілетін номенклатурасымен танысу, оқшаулау мүмкіндігі мәселелерін талқылау үшін Бірыңғай дистрибьютордың өкілдері «Ақтөберентген» АҚ-ның өндірістік алаңында болып қайтты.
«Ақтөберентген» АҚ – бұл заманауи өндірістік кешен, онда идея мен әзірлеменің пайда болуынан бастап өндіріске, жеткізуге және сервиске дейінгі жұмыстардың толық циклі орындалады. Кәсіпорын көптеген ауруларды ерте диагностикалауға бағытталған жоғары технологиялық түрлі рентгенодиагностикалық жабдықтар шығаруға маманданған.
Жоғары технологиялық рентгенодиагностикалық жабдықтың қазақстандық өндірушісі «Ақтөберентген» АҚ-ның бірегей тарихы бар және ағымдағы жылдың мамыр айында өзінің 80 жылдық мерейтойын атап өтті.
Бұдан әрі Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің басшылығымен және ұжымымен кездесуде медициналық техника бойынша инженерлік кадрларды, IT-медицина бойынша мамандарды даярлау мәселелері қозғалды.
Сонымен қатар, жұмыс сапары аясында медициналық техникамен жарақтандыруды қалыптастыру, сервистік қызмет көрсетуді ұйымдастыру, пайдаланылатын медициналық ақпараттық жүйелер мәселелерін талқылау мақсатында Ақтөбе облысы Денсаулық сақтау басқармасының медициналық ұйымдарының басшыларымен кездесу өткізілді.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар медициналық-фармацевтикалық кластерлерді құру – бұл барлық қатысты институттар мен компаниялардың өзара іс-қимылы үшін бірыңғай алаң құруды талап ететін тынымсыз жұмыс екенін атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы жаһандық фармацевтикалық корпорациялармен ынтымақтастықтың, инвесторларды тартудың, технологиялар трансферті мен жаңа әзірлемелерді қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Отандық өндірістегі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың үлесін 2025 жылдың өзінде қолда бар 17-ден 50%-ға дейін жеткізу қажет.
Үкімет қабылдаған медициналық-фармацевтикалық өнеркәсіпті дамытудың 2025 жылға дейінгі Кешенді жоспарының негізгі бағыттарының бірі фармацевтикалық ғылымды дамыту және әлемдік ойыншылардың қатысуымен жаңа өндірістер құру болып табылады.
Осыған байланысты отандық ғылыми-зерттеу институттарын, ғылыми зертханаларды, ірі медициналық жоғары оқу орындарын, отандық өндірістік алаңдарды тарту, инвестициялық жобаларды қолдау институттарын, жергілікті атқарушы органдарды тарту, сондай-ақ R&D орталықтары типі бойынша еркін экономикалық және индустриялық аймақтарда кластерлерді өрістету арқылы медициналық-фармацевтикалық кластерлер құру орынды болып табылады.
Анықтамалық:
«Ақтөберентген» АҚ – 1941 жылдың соңында «Мәскеу одақтық мемлекеттік рентген зауыты» Қазақ КСР Ақтөбе қаласына көшірілді. Соғыс уақытының ерекше талаптарымен анықталған қысқа мерзімде тиімді өндірістік база дайындалып, 1942 жылдың мамыр айында кәсіпорын қорғаныс мақсатындағы өнімдер шығара бастады. Соғыс аяқталғаннан кейін кәсіпорын бейбіт мақсаттағы өнім шығаруға көшті. Өндіріс тез өсіп, дамыды.
1990 жылы кәсіпорында 80 мың шаршы метр өндірістік алаң, сондай – ақ қызметкерлер саны – 4,5 мың адам болды. Өндіріс көлемі жылына 6 мыңға дейін рентген аппараттарын құрады.
1998 жылы кәсіпорын қайта құру рәсімінен өтті. Осылайша кәсіпорынның шаруашылық қызметінің жаңа заманауи кезеңі басталды. 2008-09 жылдары Жапония өндірісінің жаңа жабдықтарымен жабдықталған жаңа өндірістік қуаттар іске қосылды.
Қазіргі уақытта кәсіпорынның заманауи өндірістік базасы, инженерлік-техникалық әлеуеті бар, цифрлық компьютерлік технологиялар саласындағы жаңа озық жетістіктер негізінде диагностикалық медициналық аппаратураның ассортиментін дамыту және кеңейту жалғасуда.
Медициналық-фармацевтикалық кластер – бұл дәрілік заттарды әзірлеуші-географиялық тұрғыдан локализацияланған өзара байланысты инновациялық фирмалар, өндірістік компаниялар; жабдықтарды, жиынтықтауыштарды, мамандандырылған қызметтерді жеткізушілер; инфрақұрылым объектілері: бір-бірін толықтыратын және жекелеген компаниялар мен тұтастай кластердің бәсекелік артықшылықтарын күшейтетін ғылыми-зерттеу институттары, жоғары оқу орындары, технопарктер, бизнес-инкубаторлар және басқа да ұйымдар тобы.
Бұл бірнеше әлеуметтік маңызды міндеттерді бірден шешетін маңызды стратегиялық бағыт. Бұл жаңа жұмыс орындары, ғылыми базаның деңгейін арттыру, GMP стандарттарына көшу, инновациялық препараттар жасау, отандық фармацевтикалық саланы танымал ету және, әрине, кластер құрылатын өңірдің экономикалық дамуы мәселесі. Еліміздің әртүрлі өңірлерінде кластерлер құру төңірегінде қазақстандық компаниялардың күш-жігерін біріктіру және оларды дамытуға мемлекет тарапынан да, жеке капитал тарапынан да инвестициялау импортты алмастыратын өнім өндірісінің өсуін және Қазақстан аумағында тиісті өндірістер салуға шетелдік компанияларды тартуды қамтамасыз етеді.